Аңдатпа
Ұсынылған мақалада Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі орта білім беру мекемелеріндегі тарих оқулықтарының мазмұны талданып, олардың тарихи жадыны қалыптастырудағы, саяси дискурсты бағыттаудағы және ұлттық идеологияны орнықтырудағы рөлі зерттеледі. Тақырыптың өзектілігі тәуелсіздік алған елдің жаңа тарихи сана қалыптастыру қажеттілігімен айқындалады. Зерттеу барысында кеңестік дәуір мен тәуелсіздік жылдарындағы оқулықтар мәтіндеріне салыстырмалы талдау жасалып, тарихты оқытудағы идеологиялық өзгерістер қарастырылды. Нәтижесінде қазіргі Қазақстан оқулықтарында отаршылдық кезеңнің жаңаша интерпретациясы, ұлттық батырларды дәріптеу, бұрын жабық болған тарихи ақиқаттарды ашық айту үрдісі басым екендігі анықталды. Сонымен қатар, оқулықтарда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саяси ұстанымдары, яғни көпұлтты қоғамдағы бірлік, «Мәңгілік Ел» идеясы, патриотизм тәрізді құндылықтар жүйелі түрде насихатталатыны көрсетілді. Алайда жаңа оқулықтарда кеңестік баяндау үлгілерінің кей тұстары сақталып отырғаны да байқалады. Мақалада осы құбылыстың себептері талданып, оқу бағдарламалары мен оқулық мазмұнын жетілдіруге қатысты ұсыныстар берілген.