Аннотация
Мақалада Қазақстанның оңтүстігінде 2019-2021 жылдар аралығында «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми - зерттеу институтының» тәжірибе танабында зерттелініп, ауыспалы егіс жүйесінде күздік бидайдан соң орналастырылған майбұршақ дақылына сумен қамтамасыз ету және әртүрлі тыңайтқыштарды пайдаланудың әсері көрсетілген. Оңтүстік аймақтардың климаттық жағдайына байланысты суармалы судың тапшылығы жыл сайын артып келеді. Сондықтан суару режимі мен суды үнемдеу технологиясын жасау кезінде суармалы жерлер жағдайындағы топырақтың су-физикалық, агрохимиялық қасиеттерін білу, сонымен қатар ауыл шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу үшін топырақ құрамындағы қоректік элементтердің мөлшерін анықтау арқылы әртүрлі минералдық тыңайтқыштар мен өсу реттегіштерді пайдалану және оны реттеу өте маңызды және өзекті, өйткені жоғары сатыдағы өсімдіктер мен оның өнімділігі көп жағдайда осы мәселелерге тәуелді болып табылады. Зерттеудің алғашқы жылында қолданылған суару нормасына сәйкес топырақ ылғалдылығы мен әртүрлі тыңайтқыштарды қолдануға байланысты өсімдік биіктігі 88,9 см, ең төменгі қауашақ байлау биіктігі 10,7 см, 1000 дәннің массасы 123,2 г құрады, соған байланысты ең жоғарғы майбұршақ дәнінің өнімділігі 33,5 ц/га болды.