Аннотация
Ғылыми мақалада Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының репертуарындағы «Қобыланды» спектакліне кәсіби талдау жасалған. Мақала авторлары аталған дастанның өткен ғасырда облыстық театрларда қойылу жолдарына шолу жасап, бас театрдың сахнасында әр кезеңде Яков Штейн мен Қапан Бадыровтың, Әзірбайжан Мәмбетовтіңқойғандығын атап өтеді.Сондай-ақ, Нұрқанат Жақыпбайдың шығармаға жаңа көзқараспен келудегі мақсаты кеңінен айтылып, оның бұрынғы дәстүрлі шешімдерді қайталамауы, өзіндік жаңа көзқарасын танытудағы ізденісі тереңнен сөз болады. Зерттеушілер спектакльге халықтық эпос сюжетінің, Қобыландының ерлік жолының арқау болғандығын, режиссердің бүгінгі жастардың қабылдауы үшін пьеса мәтінін ықшамдап, шығарма идеясын пластика арқылы жеткізудегі тұжырымын жан-жақты зерделеген. Сол сияқты актерлік ансамбльдің Мұхтар Әуезовтің терең мағыналы монолог-диалогтарының астарына терең мән бере отырып, кейіпкерлерінің психологиялық ахуалдарын нанымды аша алғандығына баса назар аударылған. Мәселен, Ғалым Оспанов (Қобыланды), Назгүл Карабалина(Қарлыға), Әсел Сайлауова (Көклан), Жанат Тынбаев (Көбікті), Қайрат Нәбиолла (Қазан), ЛәззатҚалдыбекова (Құртқа), т.б. ойындарынан жақсылық пен жамандық тартысының айшықты көрінуі,билікке талас пен мансап жолындағы менмендіктің байқалғандығы сараланған. Авторлар режиссердің, хореограф пен суретшінің шетсіздік пен шексіздікті білдіретін кең сахнада заманауи техникалық мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланудағы шешімдерін анықтауға да маңыздылық береді.