Аннотация
Қоғам дамуының тарихи кезеңдерінде адамның өндірістік қызметінің топырақ түзілу және топырақ факторларына әсері әртүрлі. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланғанда топырақ құнарлылығына айтарлықтай әсері бар. Ұзақ мерзім бойы әртүрлі ауыл шаруашылығы қолданысындағы топырақтардың кескіндерінің морфологиялық белгілеріне, оның физикалық, физикалық-химиялық қасиеттеріне теріс немесе оңтайлы әсер етуі мүмкін. Егіншілік мәдениетін арттыру, мелиоранттарды, тыңайтқыштарды қолдану дақылдың өсіп-даму жағдайын ғана жақсарта қоймай, топырақтың қасиеттерін де оңтайландыруға мүмкіндік береді. Ғылыми мақалада ұзақ мерзім (37 жыл) бойы Құлынды даласының қара-қоңыр топырақтарын ауыл шаруашылығына пайдалану барысында оның морфогенетикалық қасиеттерінің, яғни топырақтың қарашірінді қабатының қалыңдылығының, оның кескінінде карбонат деңгейінің және мөлшерінің өзгерісі, сонымен қатар кескін бойында физикалық балшықтың таралуы көрсетілген. Ауыл шаруашылығында түрлі қолдануына байланысты қара-қоңыр топырақтардың қасиеттері өзгеше өзгерген. Ұзақ жылдар бойы көпжылдық шөптер өсірілген қара-қоңыр топырақтың кескінінің морфологиялық белгілерінде үздіксіз сүрі танап, үздіксіз бидай және ауыспалы егістегі сүрі танаптан кейінгі екінші бидай астындағы топырақ нұсқаларына қарағанда оңтайлы әсер еткен, яғни оның қарашірінді қабатының қалыңдылығы қалың екені (38 см) және карбонаттардың терең орналасқаны (77 см) байқалды.