Аннотация
Коммерциялық ұйымдар өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сыртқы және ішкі ақпаратты пайдалану негізінде анықтай алады. Басқару шешімдерін қабылдауды бухгалтерлік-аналитикалық қамтамасыз етудің негізі ретінде бухгалтерлік есепті жетілдіру арқылы нарық жағдайларына сәтті бейімделуге болады. Бухгалтерлік есептің келешекті және тез дамып келе жатқан бағыттарының бірі-стратегиялық есеп. Шетелде стратегиялық басқару есебі дәстүрлі түрде басқару есебі үшін ең маңызды технологиялардың бірі ретінде қарастырылады. Мақалада стратегиялық басқару есебінің теориялық негізін зерттеу, əр түрлі ғалымдардың пікірлеріне сараптама жүргізілген, басқару есебінің мəні ашылып көрсетілген. Кəсіпорынды басқару жүйесінде басқару есебінің алатын орны айқындалған. Жалпы басқару есебінің теориялық мəні мен оның кəсіпорынды басқаруда алатын орнын анықтау қажеттілігі тақырыптың өзектілігі болып табылады. Бүгінгі таңда шығындар мен кəсіпорын қызметінің қаржылық нəтижелерін басқару саласында екі негізгі мəселе бар. Біріншісі, қазіргі экономика жағдайында отандық есеп жүйесінің теориясы мен тəжірибесін кəсіпорынды басқару мəселесі алдында тұрған жаңа міндеттерді орындауға қайта бағыттау. Екіншісі, шығындар туралы ақпарат алудың бейімделген жүйесін құру, өзіндік құнды калькуляциялаудың, қаржылық нəтижелерді есептеп шығарудың жаңа амалын, сонымен қатар талдау мен бақылаудың əдістерін қолдану жəне осының негізінде тиімді басқару шешімдерін қабылдау. Осыған байланысты кəсіпорындар үшін басқару есебі жүйесін жете зерттеу аса мəнге ие екендігі аталып өтіледі.