Аннотация
Мақалада Ақарық төрткүліне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері қарастырылады. Талас өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдердің құрылымы, мерзімделуі және атқарған қызметі туралы тұжырымдар әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда негізделмеген. Бұл төрткүл тәріздес ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізіп, археологиялық материалдарын кешенді зерттеудің маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу жұмысының мақсаты Ақарық төрткүліндегі қазбадан табылған керамикалық және остеологиялық материалдарға жүргізілген зерттеулер бойынша ескерткіштің атқарған қызметі мен хронологиясын анықтау болып табылады. Төрткүлге салынған қазба (траншея) нәтижесінде ескерткіштің мәдени қабаты 1,5 м астам екендігі және құрылыс қабырғасының сыртқы қорғаныс қабырғасына параллель орналасқаны анықталды. Қазба жұмыстары барысында жинастырылған керамикалық бұйымдардың басым көпшілігі ас үйде пайдаланылған. Ақарық төрткүлінің қыш ыдыстарына Талас өңірінде, Жетісу және Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ортағасырлық ескерткіштердің қыш материалдарымен салыстырмалы талдау жасалды. Керамика кешеніне жүргізілген салыстырмалы зерттеулер ескерткіштің Х–ХІІ ғасырларда өмір сүргендігін көрсетті. Жануар сүйектерін археозоологиялық талдау нәтижелері төрткүл тұрғындарының шаруашылығында үй жануарларының барлық түрі болғанын көрсетіп отыр. Остеологиялық материалдардың ішінде үй жануарларының үлесі – 98%. Оның ішінде уақ мал басым бөлігін құрайды. Жануар сүйектері ұсақталып шабылған, яғни әдеттегі «ас үй қалдықтары» болып табылады.