Аннотация
Жарияланымда 2022 жылы Жанкент археологиялық экспедициясының барлау тобымен (жетекшісі Ә.Ә. Тәжекеев) Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Адам Ата кешенінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері берілген. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жерленген жері «Хан моласы» атауымен белгілі (Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде орналасқан). Дегенмен, Әбілқайыр ханның өмір сүру кезеңін зерттеуші ғалымдар И. Ерофеева, Б.Т. Жанаев, М. Қожаның пікірінше ханның Сыр бойында ордасы болғандығын, тіпті хан осында қайта жерленген болуы мүмкін дегенді айтады. Осыған сәйкес біздің зерттеулеріміз Әбілқайыр ханның Сыр бойындағы ордасы жайлы Д. Гладышев, И. Муравин, В.И. Назимов, У. Арсланов, А.И. Макшеев, Е. Батыршин, И. Аничков сынды Ресей империясының әскери шенеуніктерінің еңбектерінде берілген деректерді талдау арқылы жасалды. Нәтижесінде, Қуаңдария өзенінің бір саласы, ежелгі Адам ата арнасының бойында орналасқан Адам ата кешенінде Әбілқайыр ханның ордасы алғаш рет анықталып отыр. Бұл деректер ханның жерленген орны мен ордасы жайлы қайта ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізуге негіз болады деп есептейміз. Сонымен қатар, барлау жұмыстары барысында Адам Ата кешенінде әр түрлі кезеңмен мерзімделетін тағы да төрт ескерткіш орны табылды: арна жағасындағы қоныс орны; тораңғыл бағы; күйдірілген кірпіштен тұрғызылған жерлеу құрылыстары (ежелгі қорым); саз кесектен салынған төртқұлақ жерлеу құрылыстары және жәй жерлеу орындары (кейінгі қорым). Жинақталған деректер бойынша Адам ата кешені Алтын Орда кезеңінде пайда болып, кейінгі ортағасырларға дейін халықтың қоныстарын және бірнеше кезеңнен тұратын қорымның орналасқанын байқаймыз.