Аннотация
Мақала Қазақстан археология ғылымын ұйымдастырушылардың бірі, еліміздің көптеген ескерткіштерін ашқан, есепке алған әрі алғашқы қазба жүргізген, әртүрлі күрделі тарихи-археологиялық мәселелер бойынша ой-тұжырымдар жасаған А.Н. Бернштамның Қазақстан археология ғылымына қосқан үлесіне арналады. Ғалымның балалық, студенттік шағы, алғашқы ғылыми ізденістері, сол кездегі саяси қыспаққа алынуы, ұстаз болып қалыптасуы және Қазақстанның қола, ерте темір, ортағасыр ескерткіштерін зерттеудегі жетістіктері баяндалады. Мақаланы жазу барысында ғалымның өмірі мен шығармашылығын ғана қарастырып қоймай, оның тұлғасының қалыптасуын көрсетуге мүмкіндік беретін библиографиялық (өмірбаяндық) әдіс қолданылды. Зерттеудің өмірбаяндық әдісі Александр Натановичтің кәсіби ғалым ретінде қалыптасу процесін, оның мінез-құлқы, әлеуметтік жағдайы, мәдени және этикалық қасиеттерінің үйлесуі тұрғысынан қайта құруға көмектеседі. Мақалада алғаш рет А.Н. Бернштамның өмірбаяны, ғылыми қызметі мен ғылыми мұрасы мұрағат материалдары мен ғалым зерттеулері негізінде толықтай сипатталды. Ғалымның ғылыми қызметі сол кезеңдегі орын алған саяси жағдайлар мен ғылымның дамуымен бірге байланыста қарастырылып, Қазақстан археологиясының қалыптасуында алатын орны бағамдалды. А.Н. Бернштамның ғұндар шапқыншылығының тарихтағы құл иеленушілік құрылыстың жойылып, феодалдық қатынастардың орнауына септігін тигізген прогрессивті ролі идеясын сынаған сыни мақалалар талқыланды. Ғалымның Сталиннің идеяларына қарсы пантюркист деп айыпталуы, ғылыми-педагогикалық қызметіне тигізген теріс әсері сараланды.