Аннотация
Бұл мақалада белгілі стеганографиялық агоритмдерді талдай отырып, олардың тиімділігі мен заман талабына сай ақпараттарды қорғау, авторлық құқықты қорғау сияқты өзекті мәселелерді шешу барысында қолданылу жолдарын зерттедік. Сонымен бірге, стеганографияда контейнер ретінде қолданылатын: мәтін, сурет, аудио/видо файлдар және хаттамалар қарастырылды. Жасырын ақпараттарды жіберу барысында контейнер ретінде – суреттер қолданылды. Суреттер стеганография саласында ең көп қолданысқа ие объект ретінде белгілі болғандықтан, осы мақалада тағы да бір рет оның тиімді екенін анықтадық. Жұмыстың мақсаты: жасырын ақпараттарды арналар арқылы беру тәсілдерін бикубтік интерполяцияның көмегімен орындау және оған стеготалдау жүргізу жолдарына талдау жасау болып табылды. Мақсатқа жету үшін мақалада стеганографиялық үш әдіс қарастырылды. Интерполяцияның бикубтік деп аталатын түрін пайдалана отырып, арнайы жасырын ақпаратты енгізу алгоритмін қолданып, Phyton тілінде бағдарлама жазылып, өз кезегінде 300 дана суреттер тесттен өткізілді. Бос және жасырын ақпараты бар контейнерлер RS стеготалдауының көмегімен қаншалықты жасырын түрде болуы мүмкін екендіктері зерттелді және эксперимент түрінде жасалып, тиісті нәтижелер алынды. Сонымен қатар, жұмыста қолданылған контейнерлердің екі түрінің, яғни бос және жасырын ақпараттары бар контейнерлер көлемі кездейсоқ түрде таңдалынған архивтеу бағдарламаларының көмегімен салыстырылды және алынған нәтижелер қойылған эксперименттің дұрыстығын дәлелдей түсті. Алынған нәтижелер зерттеу барысында пайдаланылған жұмыс нәтижелерімен салыстырылды. Стеганография бағытында интерполяцияның басқа да түрлерін пайдалан отырып, болашақта басқа да зерттеулер жасау жоспарда бар.