Аннотация
Мақалада Қазақстан Республикасының 2024 жылдағы ірі қара малдың лейкозы бойынша эпизоотиялық жағдайы жан-жақты талданады. Ол үшін арнайы мониторинг жүргізіліп, мүйізді мал өсіретін шаруашылылықтардан сынамалар алынды. Сонымен қатар сынама алынған шаруашылықтарды қадағалайтын арнайы ветеринариялық мекемелерден мәліметтер жиналды. Бұл мәліметтер инфекцияның пайда болуы, таралуы, жұғымталдығы жәйлі және мүйізді ірі қара малдардың көшіп-қонуы және шеттен әкелінуі туралы деректер. Бұл деректер, лейкозға оң нәтиже берген жағдайда, вирустың генотиптерін зерттеп, аурудың таралуы ауқымын бағалау үшін ерекше маңызы зор болып табылады. Алынған сынамалар «Қазақ ғылыми зерттеу ветеринариялық институтының» «Вирусология» зертханасында серологиялық әдістерді пайдалана отырып зерттелді. Алдымен иммунодиффузды реакция (ИДР) және иммуноферментті талдау (ИФТ) қолданылды. Серопозитивті сынамаларға молекулярлық-генетикалық талдау жүргізіліп, нақты уақыт режимінде полимеразды тізбекті реакция (ПТР) қойылды. Бұл әдістер зерттеудің дәлдігін арттырып, эпизоотологиялық жағдайды толыққанды бағалауға мүмкіндік берді. Осы кешенді зерттеу әдістерінің көмегімен эпизоотологиялық жағдайға терең талдау жасалды. Сонымен қатар зерттеу барысында лейкоздың шаруашылықтарға тигізетін экономикалық әсері де қарастырылды. Аурудың таралуы мал өнімділігіне теріс ықпал етіп, шаруашылықтарға айтарлықтай шығын әкелетіні анықталды. Осыған байланысты ветеринариялық алдын алу шараларын жетілдіру, дер кезінде диагностикалау және індетті бақылау бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Бұл зерттеу мал шаруашылығын дамытуға, инфекцияның таралуын азайтуға және ет-сүт өнімдерінің сапасын арттыруға негіз бола алады.