Аннотация
Зерттеу жұмысы «дискурс», «мәтін», «сөйлеу әрекеті» ұғымдарының байланысын зерттей отырып, діни дискурс мәселесін қарастыруға арналады. Зерттеудің өзектілігі ұлттық тілдегі діни ерекшеліктердің, діни сананың және діни сипаттағы тілдік құралдардың жүйесін зерттеу қажеттілігімен байланысты. «Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір бөлігі. Аталған жырда тарихи оқиғалармен қатар, қазақ халқының діни көзқарастары, наным-сенімдері де жан-жақты көрініс табады. Жырдағы діни лексиканы зерттеу арқылы қазақ халқының рухани дүниесі туралы бірқатар ақпараттар ала аламыз. Зерттеуде дедукция мен индукция әдістерінің интеграциясы арқылы лингвоконфессиологияның ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы рөлі анықталды. Тілдік бірліктерді іріктеу, бақылау, прагматикалық және когнитивтік-семантикалық талдау, сондай-ақ статистикалық талдау сияқты әдістерді қолдана отырып, ислам дінінің тілдік ерекшеліктері мен «Алпамыс батыр» жырындағы діни дискурс ерекшеліктері зерттелді. «Алпамыс батыр» жырында кездесетін діни лексика негізінен ислам дініне тән сөздер мен ұғымдардан тұрады. Алайда, жырда түркі халықтарының ежелгі діни наным-сенімдерінің іздері де байқалады. Бұл, қазақ халқының исламды қабылдағанға дейінгі және қабылдағаннан кейінгі кезеңдердегі діни көзқарастарының синтезі екенін көрсетеді. Жырда діни дискурсты жүзеге асыратын тілдік бірліктердің, соның ішінде мұсылман, Алла, намазшам, құтпан, диуана, әулие, тұмарлық, әзірет, құбыла сөздерінің мағынасы нақтыланып, мәтін ішіндегі жұмсалымдық қызметі анықталды. Жырдағы діни лексика келесі қызметтер атқарады: кейіпкерлердің Алланың құдыретіне деген сенімі, олардың жақсылыққа ұмтылуы, күнәдан аулақ болуға тырысуы; сондай-ақ, жырда діни ұғымдардың көмегімен оқиғалардың нәтижесі байланыстырылады: Алланың көмегімен перзентті болуы; Алпамыстың жеңісі. Жырдағы діни лексика арқылы қазақ халқының дүниеге деген көзқарасы, өмір мәні туралы түсінігі көрініс табады. Жырдағы діни элементтер қазақ халқының рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін аңғардық.