Аннотация
Бұл мақалада авторлар Қазақстанның дала және орманды дала аймақтарының тұзданған және батпақтанған топырақтарын анықтау үшін ғарыштық және жер үсті далалық жұмыстар барысында топырақтық-морфогенетикалық көрсеткіштерді әзірлеген. Қазақстанда цифрлық технологиялар негізінде тұзды және батпақты топырақтарды басқару мен мониторингтеу бойынша ғылыми және практикалық ережелер өкінішке орай бүгінгі күнге дейін әлі жоқ. Әзірлеме топырақтық-климаттық аймақтардың орналасуына байланысты осындай жерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, осы топырақтардың тұздану дәрежесін ескере отырып, картографиялық моделін жасауға, оларды игеру (жақсарту) жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Тұзды және батпақты топырақтардың қазіргі жағдайын зерттеу республиканың дала және орманды дала аймақ қамтитын бағыттар бойынша ғарыштық және дала жұмыстары арқылы жүргізілді. Дала және орманды дала аймақтарының тұзды және батпақты топырақтарының дерекқоры жасалды, ол келесі көрсеткіштерді қамтиды: топырақтың типі және типшесі, топырақ кескіні, морфологиясы, қарашірік пен қоректік элементтер, суда еритін тұздардың құрамы, сіңірілген негіздер және катиондар алмасу сыйымдылығы, гранулометриялық құрамы. ГАЖ технологиясының заманауи жетістіктерін қолдана отырып әзірленген ақпараттық жүйе тұзданған және артық ылғалданған жерлерді қалпына келтіруге және жақсартуға қолданылады.