Аннотация
. Етті-майлы бағыттағы құйрықты қойлар Қазақстанның мал шаруашылығының тарихында ежелден қалыптасқан жетекші салаларының бірі. Отандық құйрықты қойлар популяциясының ішінде халық селекциясымен шығарылған еділбай тұқымы ерекше назар аударуға тұрарлық. Еділбай тұқымы гиссар қойы сияқты (Тәджікстанда шығарылған) – жыл бойы жайылымдық ұстау жағдайында тез жетілу және етті-майлы өнімділігі бойынша әлемдік қой шаруашылығында бар тұқымдардың ішінде алғашқы орындардың бірін алады. Сондықтан бұл қойларды басқа тұқымдармен шағылыстыру қауіпті – жоғарыда айтқан ең басты селекциялық белгінің төмендеуіне алып келеді. Тек бұл қой тұқымдарын өзара бір-бірімен шағылыстыру әрқайсысына оң нәтиже бере алады.Осы тұрғыда еділбай қойының тез өсіп-жетілгіштігін және етті-майлы өнімділіктерін арттыру мақсатында осы қой тұқымының саулықтарын гиссар қошқарымен шағылыстыру бойынша жүргізілген зерттеу үлкен қызығушылық тудырып, негізгі зерттеу жұмысының жаңалығы болып табылады.Алынған ұрпақтың туғанда және 4 айлығында, яғни енесінен бөлген кезде тірі салмағын және сыртқы дене бітімінің экстерьерлік өлшемдерін зерттедік, сонымен қатар 4 айлық еркек қозылардың ет-май өнімін зерттеу мақсатында бақылау сойыс жұмысын жүргіздік. Будан еркек және ұрғашы қозылар 4 айлық кезінде өздерінің таза тұқымды (бақылау топ) құрдастарынан –тірілей салмағы бойынша 3,6 және 5,5 кг-ға, ал сойыс салмағы бойынша 2,0 кг-ға асып түсетіні анықталды.