Аннотация
Қазақстандағы киноиндустрия жүйесінің ажырамас бөлігі – кинопрокат саласы қазіргі заманда мәдени, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан айрықша маңызға ие болып отыр. Ғаламдық ақпараттық технологиялардың дамуы, жаһандану үдерістерінің ықпалы, жаңа коммуникациялық платформалардың таралуы және көрермен талғамының өзгеруі бұл саланың мазмұны мен қызметіне түбегейлі өзгерістер әкелді. Әлемдік кинонарықтағы үрдістер мен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кинопрокат жүйесі тек фильмдерді аудиторияға жеткізудің құралы ғана емес, ол сонымен қатар, ұлттық мәдениет аясының кеңеюіне, экономикалық қатынастардың жандануына және қоғамдағы әлеуметтік-идеялық құндылықтардың нығаюына ықпал ететін кешенді мәдени-экономикалық институтқа айналған. Қазақстандағы кинопрокат жүйесін зерттеу осы тұрғыдан өзекті, себебі, ұлттық киноның дамуы мен халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін прокаттық инфрақұрылымның сапалы жұмыс істеуі аса қажет. Сондықтан еліміздегі кинопрокат жүйесінің қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан сараптау мақаланың басты мақсаты болып отыр. Осыған орай Қазақстандағы кинопрокат жүйесінің тарихи қалыптасу кезеңдері мен қазіргі жағдайын, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін, құқықтық негіздерін, көрермен талғамының өзгерісі мен цифрлық платформалардың ықпалын, жаңа коммуникациялық технологиялардың рөлін, отандық және шетелдік тәжірибелердің өзіндік ерекшеліктерін зерттеп, анықтау міндеттері қойылды. Зерттеу барысында қолданылған әдістер ішінде сипаттау, талдау, салыстыру, синтездеу, абстрактілеу, индукция және дедукция басым орын алады. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық құжаттар, сараптамалық пікірлер мен ресми статистикалық деректер негізге алынған. «Кинематография туралы» заңның талаптары, ұлттық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау және субтитрлеу жүйесі, кинотеатрлық инфрақұрылымның дамуы, отандық және шетелдік фильмдердің прокаттағы үлесі сияқты нақты көрсеткіштер зерттеудің эмпирикалық базасын құрайды. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің кинопрокат жүйелерімен салыстыру жүргізіліп, олардың институционалдық үлгілеріндегі ерекшеліктер мен еліміз үшін тиімді тұстар айқындалды. Бұл салыстырмалы талдау қазақстандық кинонарықтың артықшылықтарын бағалауға, сондай-ақ әлсіз жақтарын түзету үшін ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Мақалада Қазақстандағы кинопрокат жүйесі мәдени, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан айрықша мәнге ие екендігі мақалада жан-жақты ашып көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша ұлттық кино өндірісін қолдау, прокаттағы фильмдердің сапасы мен тіл тазалығына назар аудару, аймақтарда кинотеатрлық инфрақұрылымды дамыту, маркетингтік стратегияларды жетілдіру және цифрлық платформаларды тиімді пайдалану қажет деген тұжырымдар жасалды.