Аннотация
Мақалада қазіргі қазақ әдебиетіндегі өмірбаяндық және деректі проза жанрының көркемдік табиғаты мен көркемдік-идеялық ерекшеліктері талданады. Зерттеу нысаны ретінде Салтанат Айбергенованың «Ақын жары» және Е.Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» шығармалары алынды. Зерттеу барысында осы туындылардағы шынайы өмірлік деректер мен көркемдік қиялдың өзара ұштасуы арқылы тұлғалық болмысты, дәуір шындығын және ұлттық руханияттың терең иірімдерін бейнелеу тәсілдері қарастырылады. Авторлар шығармашылық тұлғаның өмір жолын көркемдік-психологиялық талдау арқылы көрсетіп, автобиографиялық және деректік материалды эстетикалық деңгейге көтерудің жаңа формаларын ұсынады. С.Айбергенованың туындысында ақын Төлеген Айбергеновтің жары – Үрниса Айбергенованың өмір жолы аналық мейірім, отбасының ұйытқысы ретінде суреттеледі. Ал Е.Әкімқұлов шығармасында Шәмші Қалдаяқов тұлғасы арқылы қазақ өнерінің рухани тамыры мен мәдени жад феномені ашылады. Шығармалардың талдау барысында өмірбаяндық және деректі прозаның жанрлық табиғатын ашу, өзге жанрлардан айырмашылығын бағамдау мақсатында әдебиеттану саласындағы түрлі теориялық тұжырымдарға мән беріліп, мәтіндердің ерекшелігі анықталды. Зерттеу нәтижесінде өмірбаяндық және деректі прозаның қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңаша даму арналары, жеке тұлға мен ұлттың тарихи жады арасындағы көркемдік байланыс анықталып, бұл жанрдың қазақ прозасындағы поэтикалық және рухани жаңғырудағы маңызы айқындалды.