Аннотация
Мақалада Сарыарқаның ортағасырлық археологиялық ескерткіштерін зерттелу тарихы талданады. Зерттелу тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы кезең XVIII ғ. басынан Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрылғанға дейінгі уақытты қамтиды және ескерткіштер туралы мәліметтер жинаумен сипатталады. Келесі кезең Ә.Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының Сарыарқа өңірінде жүргізген археологиялық зерттеулерімен байланысты. Экспедиция көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қатар дамығандығын дәлелдейтін көптеген жаңа ескерткіштер ашып, оларды зерттеуді жолға қойды. Соңғы кезең – жаңа заман кезеңі 1998 жылғы «Есіл археологиялық экспедициясы» құрылуы мен К.А. Ақышевтың Сарыарқа даласында археологиялық және палеоэтнографиялық зерттеулерді бастауымен ерекшеленеді. Жаңа заман кезеңінде Сарыарқа даласында отырықшы мәдениет орталықтары болған қала орындары Бұзық пен Бытығайда кең көлемде қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері Сарыарқа даласы отырықшы және көшпелі мәдениеттердің қатар және өзара тығыз байланыста дамыған орталық болғандығын дәлелдейтін тың материалдар беруде.