Аннотация
Шет елдерде жүргізілген көптеген зерттеулер суармалы суды ұтымды пайдаланудың ең тиімді жолы егіс алқаптарын тамшылатып суару екенін көрсетеді. Осыған байланысты табиғи және су ресурстарын тиімді пайдалануды, суармалы егістік алқаптарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз ететін егін шаруашылығы жүйесін дамытуға бағытталған ұлттық және халықаралық ауқымда стратегиялық маңызы бар зерттеулердің өзектілігі сөзсіз. Ауыл шаруашылығын интенсификациялап, егін өсірудің жаңа серпінді ғылымды қажет ететін технологияларын қолдану қажет. Біздің республикамызда және шетелдерде жүргізілген көптеген зерттеулер ауыл шаруашылығын интенсификациялау деңгейі мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, топырақ құнарлығын сақтау және арттыру арасында тығыз байланыс орнатты. Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы суармалы жерлерде: күріш, қант қызылшасы, жүгері және майбұршақ дақылдарын тамшылатып суарудың тиімділігін зерттеу мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Зерттеу нәтижелері күріш пен қант қызылшасы сияқты суды көп қажет ететін егістік дақылдарын өсіруде тамшылатып суарудың жоғары тиімділігін көрсетті. Әлемде алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару және тікелей себу негізінде күріш өсірудің түбегейлі жаңа экологиялық технологиясы әзірленді. Жаңа инновациялық технологияның мәні күріш егіс алқабын суға батырмай, гербицидтерді қолданбай өсірілуінде. Тамшылатып суару технологиясымен өсірілген қант қызылшасының өнімділігі 550-ден 1067 ц/га дейін арттырылды. Ең жоғарғы өнімділік Іле Алатауындағы ашық-қоңыр топырақты таулы аймағында болды. Күздік бидайды тамшылатып суару арқылы өсіргенде ең жоғарғы өнімділікке аудандастырылған отандық Алмалы мен Ажарлы сорттары ие болды. Себу нормасы 6 млн. дана/га оңтайлы жағдайда N120P60 минералы қоректерді енгізгенде 120 ц/га өнім қалыптастырды. 2019 жылы Купава 6 және Купава 8 сорттарының өнімділігі - 86,0 және 78,6 ц/га болды. Күріш дақылын қатарлап себу әдісімен тамшылатып суару арқылы өсіргенде ең жоғарғы өнімділік алынғандығы анықталды. Минералды тыңайтқыштардың оңтайлы мөлшерінде күріш дақылының өнімділігі 5,9-дан 21,5 ц/га-ға өсті. Майбұршақ дақылының өнімділікті қалыптастыруында себу және суару тәсілдерінің ықпалы анықталды. Іле Алатауы таулы аймағында майбұршақ дақылын таспалы түрде және қатарлап себу әдістерінде өнімділік көрсеткіштері 51,8 және 61,0 ц/га құрады. Ақдала суармалы массивіндегі тұзданған топырақта майбұршақ дақылынан таспалы әдіспен сепкенде 57,6 ц/га, қатарлап себу әдісінде 33,6 ц/га өнім алынды.