Аннотация
Мәдениетіміздегі өткенді бейнелеудің әртүрлі формаларының ішінде тарихи кескіндеме маңызды орын алады. Осы жанрдағы шығармалар арқылы өткенмен, дәстүрмен өзара диалог аса маңызды. Көркем шығармалар өткеннің орнықты бейнелерін құрудың ресурсы ретінде, олардың әсер етуінің орасан зор әлеуеті қазіргі заманғы тарихи жанрдың дамуын мәдени жады мәселелері контекстінде зерттеу қажеттілігін талап етеді. Авторлар мақалада қазіргі өнердегі тарихи оқиғаларды қайта құру тәжірибесін түсіну; тарихи шығарманың, портреттің бейнелі-стилистикалық және идеялық контекстін анықтау; Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи-тұрмыстық жанрдағы ұлттық-мәдени өзіндік сананың көрінісін анықтау сынды бірнеше ғылыми мәселелерді көтеруге тырысқан. Осы мәселелердің заманауи ұрпақ санасында трансформациялануы мен ұжымдық бейсаналық сипат алуы арқылы жаңа заманауи бейнелеу өнерінде жиі көрініс алу себептерін айқындау, түсіндіру, талдау басты назарға алынады. Бейнелеу өнеріндегі тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер бейнелеріне салыстырмалы талдау жүргізу қазіргі заманғы өнертанудың дамуы үшін аса өзекті болып табылады. Ұсынылып отырған тақырып ең алдымен қазіргі кездегі қазақ бейнелеу өнеріндегі, соның ішінде кескіндемедегі өткен тарихымызды зерделеп, ондағы ұлттық нақыштардың мәнін ашып, болмысымыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің тарихи әлеуметтік бейнесін қайта жаңғыртумен байланысты. Қазіргі таңда көркем өнердің әлемдік өнермен байланысы мен алатын орны жайында толғанатын ғылыми-теориялық ізденістердің қалыптасуына да қажеттіліктер туындап отыр. Қазақстанның қазіргі бейнелеу өнері үздіксіз әрі қарқынды қозғалыста дамуда. Үздіксіз шығармашылық тәжірибе процесінде тарихи және тұрмыстық жанр ұлттық дүниетанымның ерекше мәнер мен стилистикасы, пластикалық және көркем тәсілдері өзара қатар көрініс табуда. Сондай-ақ кескіндеменің жанрларының, бағыт-бағдарларының алуан түрлілігі Қазақстандағы заманауи көркемдік процестің үнемі ізденісте екендігін айшықтайды.