Аннотация
Бұл мақалада Жетісу (Жоңғар) Алатауының аласа таулы алқаптарында түзілетін цеолит, бентонит сазы және диатомит негізіндегі табиғи минералды сорбенттерді ауыз су мен өндірістің ағынды ақаба суларын нитраттар, ауыр металл иондары және сульфаттардан, бикарбонаттардан, тазарту және кондициялау үшін пайдаланудың тиімділігін зерттеу нәтижелері берілген. Табиғи сорбенттердің физика-химиялық, минералдық құрамы және алынған құрамдастырылған сорбенттердің адсорбциялық тиімділігі зерттелді. Сорбенттің құрамына және күйдіру температурасы мен құрамдастыру әдістерінің сорбциялық белсенділігін арттыруға тигізетін әсері зерделенді. Жүргізілген зерттеудің ғылыми-тәжірибелік құндылығы-өндірістің ағынды ақаба суларын тазарту үшін құрамдастырылған сорбентті алу, судың құрамындағы химиялық және микробиологиялық ластаушы заттарды бір мезгілде сорбциялау, суды дезинфекциялауға және жұмсартуға ықпал ету, тазартылған судың кальций, магний тұздарымен және микроэлементтермен қанығу дәрежесін арттыру үшін күрделі жабдықты қажет етпейтінділігі қарастырылған. Зерттеудің техникалық нәтижесі химиялық және микробиологиялық ластаушы заттарды сорбциялау қабілеті бар құрамдастырылған табиғи адсорбенттердің кешенін құрудан, суды залалсыздандырудан және жұмсартудан, оны кальций, магний, натрий, калий иондарымен, сонымен қатар микроэлементтермен байытудан тұрады. Суды ластаушы заттардан тазарту үрдісінде қолдану бойынша жүргізілген эксперименттік зерттеулер барысында алынған нәтижелер минералдық құрамы, микроқұрылымы, сорбциялық қабілетімен және катализатрлық белсенділігінің болуымен ерекшеленетіні қарастырылған, табиғи минералды сорбенттердің тиімділігінде айтарлықтай айырмашылықтарды анықтадық.