Аннотация
Зерттеудің мақсаты – педагогтердің «Мақсатты мектептер» жобасын іске асыруды қабылдауы мен бағалауын зерттеу, сондай-ақ негізгі көрсеткіштер арасындағы өзара байланыстарды және респонденттердің әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына байланысты бағалаудағы айырмашылықтарды талдау. Зерттеу сандық тәсіл аясында жүргізіліп, бір кезеңдік, сипаттамалық-салыстырмалы дизайнға негізделді. Зерттеуге орта білім беру ұйымдарының 2582 педагогі қатысты. Деректер 6 шкалаға топтастырылған 34 мәлімдемеден тұратын авторлық сауалнама арқылы жиналды. Сауалнаманың жалпы ішкі келісімділігі жоғары болды (Кронбахтың α = 0,917). Нәтижелер негізгі көрсеткіштердің басым бөлігінің орташа деңгейден жоғары бағаланғанын көрсетті (M = 4,01–4,28). Корреляциялық талдау негізгі шкалалар арасында оң байланыстарды, оның ішінде кәсіби даму және оқыту тәжірибесіне әсері мен мектеп деңгейіндегі әсер арасында өте күшті байланысты анықтады (r = 0,921). Топаралық салыстырулар мектептің орналасқан жеріне, жасқа және кәсіби санатқа байланысты бірқатар статистикалық мәнді айырмашылықтарды көрсетті, алайда олардың әсер көлемдері шағын болды (Cohen’s |d| ≤ 0,303; η² ≤ 0,018). Жыныс бойынша айырмашылықтар шектеулі болды. Алынған нәтижелер педагогтердің жобаны қабылдауы мен бағалауы контекстік және кәсіби сипаттамаларға байланысты белгілі бір вариацияларға ие болғанымен, анықталған топаралық айырмашылықтардың практикалық әсері шектеулі екенін көрсетеді.