Аннотация
Мақалада цифрлық сауаттылықтың қазіргі ақпараттық қоғамдағы стратегиялық маңызы, оны дамытуға кедергі келтіретін негізгі мәселелер мен перспективалар, сондай-ақ цифрландырудың экономикаға ықпалы қарастырылған. Зерттеу барысында цифрлық теңсіздік, киберқауіпсіздік туралы хабардарлықтың жеткіліксіздігі және жалған ақпараттың таралуы сияқты мәселелер сараланып, цифрлық трансформацияның халықтың цифрлық дағдылары мен экономикалық белсенділігіне әсері айқындалған. 2023–2025 жылдардағы деректерді салыстырмалы талдау Қазақстанда негізгі көрсеткіштердің оң динамикасын көрсетті: интернет пайдаланушыларының үлесі 78,5%-дан 88,7%-ға, цифрлық сауаттылық индексі 62,3%-дан 75,6%-ға, ал киберқауіпсіздік бойынша хабардарлық деңгейі 41,8%-дан 63,2%-ға дейін өскен. Финляндия, Эстония, Оңтүстік Корея және Сингапур тәжірибесі негізінде халықаралық салыстырмалы талдау жүргізілген. Аймақтық және жас ерекшеліктері бойынша зерттеу цифрлық теңсіздіктің географиялық және демографиялық сипатын көрсетті. Нәтижелер цифрлық сауаттылықты арттыру еңбек өнімділігінің өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне және адами капитал сапасының жақсаруына ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар, зерттеуде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану шығындарды азайтуға, инновациялық белсенділікті күшейтуге, жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын қалыптастыруға және ұлттық экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретіні отандық және халықаралық тәжірибені салыстыру нәтижелері арқылы нақты негізделген. Цифрлық дағдыларды жүйелі дамыту білім беру жүйесі, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның бірлескен міндеті болып табылады.