Аннотация
Кәдімгі теңгежапырақты халықтық медицинада түрлі ауруларды емдеуге қолданады. Оның репродуктивті жүйелер, асқазан-ішек, өкпе ауруларын емдеуде, жара жазатын әсері бар. Жұмыстың мақсаты газ хроматография-масс спектрометрия (ГХ-МС) әдісінің көмегімен Alchemilla vulgaris өсімдігінің жапырағы мен тамырының этанолды сығындысының сандық және сапалық құрамын анықтау болып табылады. Жапырағынан 26 қосылыс табылды. Бұл өсімдік мүшесінен алынған сығындыдағы массалық үлестері жоғары қосылыстар қатарына стигмаст-4-ен-3-он (22,8150%), (Z,Z,Z)-9,12,15-октадекатриен қышқылының этил эфирі (18,7052%) мен гексадекан қышқылының этил эфирі (14,4540%) кіреді. Ал тамырында 20 фитоқосылыстар табылған. Олардың арасындағы сығындыдағы пайыздық үлестері бойынша ерекшеленетін екіншілік метаболиттер - 5-(гидроксиметил)-2-фуранкарбальдегид (32,3287%), фурфурол (12,2052%) бар. Осы қосылыстардың барлығы биологиялық белсенділіктерге ие. Айтарлық, стигмаст-4-ен-3-он сусамыр ретинопатиясын емдеуде, қабынуға қарсы және ауырсынуды басатын әсерлер көрсететіндігі анықталған. Келесі метаболит - (Z,Z,Z)-9,12,15-октадекатриен қышқылының этил эфирі (этиллиноленат) адам ағзасына өмірлік маңызды α-линолен қышқылының көзі болып табылады. Ол тері ауруларына, мысалы қабыршақты дерматитке қарсы әсер көрсетеді. Тамырындағы 5-(гидроксиметил)-2-фуранкарбальдегид бауырды қорғайтын, қабынуға қарсы әсерлерге ие. Жапырағы мен тамырында да кездесетін, бірақ сығындыдағы массалық үлесі бойынша ерекшеленетін екіншілік метаболиттерде (н-гексадекан қышқылы, гексадекан қышқылының этил эфирі, линол қышқылының этил эфирі, (Z,Z,Z)-9,12,15-октадекатриен қышқылының этил эфирі және октадекан қышқылының этил эфирі) бар. Зерттеу барысында жапырақтар мен тамырларынан алынған сығындылардағы анықталған қосылыстар кәдімгі теңгежапырақтың фармакологиялық әлеуетін анықтауы және жаңа дәрілік заттарды жасауда маңызды қызығушылық тудыруы мүмкін.