Аннотация
XIV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінде ислам мемлекеттік дін ретінде қабылданып, идеологиялық, саяси және әлеуметтік өзгерістер орын алды. Осы кезеңнен бастап ақсүйектер бейіттерінің үстіне кесенелер тұрғызыла бастады. Бұл үдеріс Сығанақ қаласында да орын алды. Жергілікті билеушілер, ақсүйектер мен дін өкілдерінің бейіттерінің үстіне кесенелер тұрғызылып, некрополдер пайда болды. Ортағасырлық Сығанақ қаласында орналасқан кесенелерді зерттеу ХІХ ғ. екінші жартысында басталып, соңғы жылдары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 9 кесене орны зерттеліп, XIII ғ. соңы – XIV ғ. басындағы жерлеу дәстүрін зерттеуде маңызды дереккөз болып табылады. Жерлеу құрылыстарының ерекшеліктері олардың мерзімдемесін нақтылауға, сондай-ақ ортағасырлық қоғамның әлеуметтік құрылымы мен рухани дүниетанымын анықтауға мүмкіндік берді. Мақала ортағасырлық Сығанақ қаласындағы №3 және №7 кесенелерден алынған археологиялық материалдарды саралау мәселесіне арналған. №3 кесенеде сегіз жерлеу, ал №7 кесенеде үш жерлеу орны ашылды. Зерттеулер барысында мүрдемен бірге қойылған заттарды ежелгі наным-сенімдердің сарқыншағы деп қарастыруға болады. Исламға дейінгі жерлеу ғұрпында қола айна, тарақ және т.б. заттарды қолдану белгілі бір тар аймақпен шектелмеген, жалпыхалықтық және аймақаралық сипатқа ие феномен болған. №3 кесенеде ағаш табыттардың қалдықтары мен тот басқан, ірі өзек тәрізді шегелер сақталып қалған. № 1, 2, 4 жерлеу орындарынан табылған темір шегелер мен қапсырмалар табыттың қақпағын бекіту үшін қолданылғанын көрсетті. Қазба барысында табылған әшекей бұйымдар кесененің салыстырмалы мерзімдемесін жасауымызға және ортағасырдағы жерлеу ғұрпы жайлы түсінігімізге үлес қосып, көрші аймақтарда табылған аналогтармен де салыстырылды. Кешендерде исламдық жерлеу нормалары мен жергілікті дәстүрлердің сабақтастығы жан-жақты қарастырылып, бір жағынан, мәйітті батыс бағытқа қаратып жерлеу, қабір құрылымдарының мұсылмандық талаптарға сәйкес жасалуы исламдық жерлеу рәсімінің ықпалы күшейгенін көрсетсе, екінші жағынан, қабірге зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттар қою сияқты дәстүрлер ежелгі жергілікті дүниетаным элементтерінің сақталғанын аңғартады. Кесенелерден табылған жәдігерлер Сығанақ қаласының XIII-XIV ғғ. мәдени ортасындағы зергерлік өнердің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл бұйымдардың Шойтөбе, Күлтөбе және Ескі Түркістан сияқты Түркістан өңіріндегі ескерткіштерден табылған ұқсас аналогтары олардың хронологиялық мерзімін XIII ғ. соңы – XIV ғ. басына жатқызуға мүмкіндік береді.