Аннотация
Бұл жұмыста парафинді мұнайлардың төмен температуралық және реологиялық қасиеттерін жақсартуға арналған депрессорлық қоспа ретінде октадецен-1 мен диоктадецилфумарат негізіндегі сополимерлерді синтездеу және олардың тиімділігін зерттеу қарастырылды. Октадецен-1 (ОД) және диоктадецилфумарат (ДОДФ) мономерлерінің радикалды сополимерлену реакциясы бензойл асқын тотығы инициаторының қатысында, толуол ортасында, азот атмосферасында жүргізілді. Әртүрлі мольдік қатынаста (ДОДФ:ОД=1:0,5; 1:1; 1:1,5; 1:2) төрт сополимер синтезделіп, олардың шығымы 74,65-87,12% аралығында болды. Алынған сополимерлердің құрылымы ИҚ-Фурье-спектроскопия әдісімен расталды, ал сипаттамалық тұтқырлық мәндері тұтқырлықты өлшеу әдісімен анықталды. Синтезделген сополимерлер Ақшабұлақ кен орнының парафинді мұнайына 50-500 ppm концентрация аралығында депрессорлық қосым ретінде енгізіліп, олардың мұнайдың реологиялық қасиеттеріне әсері зерттелді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ДОДФ:ОД=1:1 мольдік қатынаста алынған сополимер 50 ppm концентрацияда ең жоғары тиімділік көрсетті. Аталған қоспа мұнайдың тұтқырлығын 5 °C температурада 0,83411 Па·с-тен 0,13478 Па·с-ке дейін төмендетіп, ағын жоғалту температурасын 9 °C-ден -3 °C-ке дейін түсірді. Алынған нәтижелер ОД және ДОДФ негізіндегі сополимерлердің парафинді мұнайлардың ағымдылығын арттыруда және төмен температуралық қасиеттерін жақсартуда тиімді депрессорлық қосым ретінде қолдануға болатынын дәлелдейді.