Аннотация
Мақала башқұрттың «Орал батыр» және қазақтың «Қобыланды батыр» эпостарындағы орнитологиялық бейнелерді мифопоэтика және мәтінтану тұрғысынан салыстыра қарастырып, олардың мифологиялық, рәміздік, семантикалық және поэтикалық функцияларын өзара сабақтастықта зерделеуге арналған. Зерттеу нысаны ретінде екі батырлық эпостың классикалық нұсқаларының мәтіндеріне талдау жасалған. Түркі эпосы бойынша ізденістердің көптігіне қарамастан, оның құрылымындағы орнитологиялық бейнелер әлі жете зерттелмеген және еңбектердің көбінде жекелеген шығармалар ғана талданып, компаративтік көзқарас қамтылмаған. Мақаланы әзірлеу барысында авторлар тақырыпқа қатысты тарихи дереккөздерге, этнографиялық мәліметтерге, сондай-ақ фольклортану мен әдебиеттану саласындағы іргелі ғылыми еңбектерге жүгінген. Зерттеудің әдіснамалық негізін мәтінтанулық, семантикалық-символдық, салыстырмалы-типологиялық және мифтік-поэтикалық талдау әдістерін ұштастыратын кешенді тәсіл құрап, бұл мәтіндік материалдардың құрылымдық-мазмұндық мәнін ашуға, башқұрт және қазақ эпикалық дәстүрлеріндегі дүниетанымның архетиптік негіздерін анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері бойынша екі эпостың да поэтикалық құрылымында құстардың маңызды орын алатыны, бірақ олардың семантикалық және функционалдық сипаттарында айтарлықтай айырмашылықтар бар екені айқындалды. «Орал батыр» құбайырында орнитоморфтық бейнелер космогониялық және сакралды түсініктермен тығыз байланысты дербес мифологиялық кейіпкерлер түрінде көрініс тапқан. Самрау, Һомай (аққу), Айхылу (үйрек) секілді құс бейнелері «аспан әлемінің» өкілдері ретінде Көк, Күн, Ай символикасын танытып, жер мен көк арасында медиаторлық қызмет атқарады. Антропоморфтық тұрпатта көрінетін бұл бейнелер ғаламның үшқабатты моделін (жоғарғы, ортаңғы, төменгі әлемдер) құрылымдауда жетекші рөлге ие. Эпоста құстар тек тотемдік немесе культтік символдар ғана емес, сонымен бірге сөйлеу және кейпін өзгерту қабілеті бар, мифтік оқиғалардың белсенді қатысушысы ретінде бой көрсетеді. «Қобыланды батыр» жырында құс бейнелері өзгеше сипатталып, сұңқар, бүркіт пен қаршыға батырлық эпос поэтикасына тән тұрақты эпитеттер, теңеулер мен метафоралық қолданыстар арқылы қаһарманның дара болмысын асқақтатуға қызмет етеді. Мақалада сұңқар бейнесінің әмбебаптығы дәлелденіп, оның әйел кейіпкерлерге (Қарлыға, Құртқа) де қатысты қолданылғандығы көрсетіледі. Дәстүрлі фольклорлық шаблондардың (қарлығаш, аққу, сандуғаш, тоты) «жыртқыш құс» символикасына ауысуы ер адамдарға ғана тән нышандар шеңберінен шығып, жауынгер әйел архетипін жандандырады. Сондай-ақ, эпостың көркемдік өрімінде зооморфты (тұлпар) және орнитоморфты (сұңқар) кодтардың бинарлы параллелизмі байқалады. Қос эпоста да қарға/құзғын бейнесі кездесіп, амбивалентті сипатта көрінеді: архаикалық қабатта («Орал батыр») ол демиург және ілкі баба (қарғаның монологы, Катилдің туындағы бейне) ретінде сипатталса, оқиғалық контексте («Қобыланды батыр») қауіп-қатер мен өлімді ишаралайтын қайғылы жағдайдың хабаршысы боп суреттеледі. Осылайша, орнитологиялық бейнелерді кешенді талдау түркі эпосының семиотикасын тереңірек түсінуге септігін тигізеді және осы бағыттағы болашақ зерттеулерге негіз болады.