Аннотация
Мақалада қазіргі заманғы трансформациялық жағдайларда Қазақстандағы көпқырлы бірегейліктің саяси үдерістерге –саяси мобилизацияға, партиялық фрагментацияға және мемлекеттік бірегейлік саясатының тиімділігіне –нақты әсер ету тетіктері зерттеледі. Зерттеу сұрағы: интерсекционалдық бірегейлік конфигурациялары Қазақстандағы саяси мобилизация мен этносаралық тұрақтылыққа қандай жағдайларда біріктіруші, ал қандай жағдайларда бөлуші факторға айналады? Теориялық негізін К. Креншоудың интерсек-ционалдық тәсілі, Г. Тэджфел мен Дж. Тернердің әлеуметтік бірегейлік теориясы және Қ.Хирстің «азаматтық ұлтшылдық» тұжырымдамасы –осы үш шеңберді Қазақстандық деректерге операционалдандыру арқылы –құрайды. Әдіснама: PRISMA хаттамасы бойынша жүйелі шолу (бастапқы 247 жарияланымнан 52 еңбек 4 іріктеу критерийі негізінде алынды), салыстырмалы институционалдық талдау және тематикалық синтез. Нәтижелер бойынша: (1) интерсекционалдық тәсіл бірегейлікті экономикалық күн тәртібімен байланыстырмаса ұзақ мерзімді мобилизациялық потенциалын жоғалтатыны анықталды; (2) «біріктіруші ядросы бар азаматтық ұлтшылдық» ретінде сипатталатын Қазақстандық модельдің этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктері жүйелі сипатталды; (3) цифрлық технологиялардың «эхо-камера» феномені арқылы бірегейлік поляризациясын күшейтетіні дәлелденді. Бірегейлік саясатының тиімділігі оны экономикалық, институционалдық және цифрлық саясатпен кешенді үйлестіру дәрежесімен айқындалатыны туралы тұжырым жасалды.