Аннотация
МҰСТАҚЫМ МАЛДЫБАЕВТЫҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ Аңдатпа.Мақала ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық интеллигенциясының аз зерттелген өкілдерінің бірі -Мұстақым Малдыбаевтың (1887-1937) педагогикалық және қоғамдық-саяси мұрасын зерттеуге арналған.«Алаш» қозғалысының танымал қайраткерлерімен салыстырғанда, оның есімі жиынтық еңбектерде сирек аталады, сондықтан оның қызметін зерделеу ұлттық жаңғыру үдерістерін түсіну үшін ерекше маңызды.Жұмыста Малдыбаевтың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері талданады: ұлттық мектептің қалыптасуына қатысуы, Мамания мектебі мен Семей мұғалімдер семинарындағы педагогикалық тәжірибесі, қазақ балаларына арналған алғашқы оқу құралдарын құрастыруы, сондай-ақ қоғамдық және мәдени ұйымдардағы белсенді еңбегі.Арнайы назар оның ұлттық жазудың дамуына, оқу орындарын ұйымдастыруға және мәдени бастамаларды насихаттауға қосқан үлесіне аударылады.Сонымен қатар, мақалада оның «Алаш» қозғалысындағы ағартушылық және саяси қызметі қарастырылады: съездерге қатысуы, земство мен ұлттық комитеттер құруы, Алаш-Орда қарулы күштерін ұйымдастыруы.Архивтік құжаттарды, мемуарлық деректерді, публицистиканы және жаңа историографияны талдау негізінде Малдыбаевтың қазақ қоғамын жаңғырту үдерісіндегі шығыс білім дәстүрлері мен еуропалық педагогикалық тәсілдерді ұштастырған ірі тұлға болғаны айқындалады.Алынған нәтижелер оның есімін ұлттық ағартушылық пен мәдени жаңғыру тарихының ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.Кілт сөздер: Мұстақым Малдыбаев, ағарту қызметі, Ұлттық білім, ұлт мұраты, мәдениет, қоғамдық даму, Алаш.Кіріспе ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы -ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен өркендеуінің ерекше кезеңі.Бұл дәуір қазақ халқының рухани, саяси және мәдени өмірінде түбегейлі өзгерістер орын алған уақыт болды.Ұлттың болашағына алаңдаған зиялы қауым өкілдері елдің азаттығы мен өркендеуін мақсат етіп, ағартушылық, ұлттық өзіндік сана мен мәдени жаңғыру идеяларын алға тартты.Олар отарлық тәуелділіктің ауыр жағдайында халықтың мүддесін қорғап, білім мен ғылымды дамытуға, жаңа үлгідегі мектептер ашуға, ана тілінде оқулықтар жазуға және ұлттық баспасөзді қалыптастыруға айрықша үлес қосты.Бұл кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан сияқты ұлт зиялыларының қызметі ерекше көзге түсті.Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ретінде ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани жетекшісі ретінде танылды.Ол қазақ тілінің грамматикасын жүйелеп, оқуағарту ісін жаңа деңгейге көтерді.Міржақып Дулатов өз еңбектері арқылы ұлттың оянуына, еркіндікке деген ұмтылысын арттыруға зор ықпал етті.Әлихан Бөкейхан болса, саяси көшбасшы ретінде қазақ қоғамын жаңғырту мен ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жолында күресті.Олардың барлығының еңбегі ұлттың бірлігі мен болашағы үшін арналды.ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қызметі тек өз заманы үшін емес, кейінгі ұрпаққа да үлгі болды.Олар ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, тәуелсіздік идеясын насихаттау арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына жол ашты.Алайда, ХХ ғасырдың басындағы қоғамдықсаяси және мәдени өзгерістер контексінде халықтың ағарту ісі мен ұлттық сананы қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарған, бірақ ғылыми айналымда әлі де аз зерттелген тұлғалар бар.Солардың бірі -Мұстақым Малдыбаев.Ол өз дәуірінде мұғалім, публицист, қоғам қайраткері және Алаш қозғалысының белсенді мүшесі ретінде танылған.Дегенмен, оның өмірі мен қызметі туралы мәліметтер ғылыми әдебиетте өте сирек кездеседі, ал педагогикалық және ағартушылық мұрасы толыққанды зерделенбей келеді.