Аннотация
Мақала қазақ тіліндегі көмекші етістіктің де тұлғасы арқылы жасалған деп аталатын синтаксистік құрылымды корпус негізінде талдаудың нәтижелерімен бөліседі. Зерттеу жұмысының мақсаты — деп аталатын синтаксистік құрылымының қолданылу жиілігін, атқаратын қызметін, құрылымдық және мағыналық ерекшеліктерін қазіргі қазақ тілінің жазба академиялық дискурсы аясында корпус негізінде кешенді түрде талдау. Зерттеу материалдары цифрлық гуманитарлық ғылымдар аясындаакадемиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу жобасы барысында тарих пәнінен жиналған деректерден алынды. Деректерде академиялық мәтіндер, атап айтқанда оқулықтар мен оқу құралдары, монографиялар мен диссертациялар, мақалалар мен баяндамалар, тезистер мен абстрактылар қамтылды. Деректердегі деп аталатын құрылымның қолданылу жиілігі мен қызметіне лингвистикалық және функционалдық талдау беріледі. Зерттеу жұмысы корпусқа негізделген лингвистикалық талдау әдісімен жүргізілді. Жинақталған академиялық мәтіндерге сандық және сапалық талдау жасау үшін AntConc бағдарламасы қолданылды. Деп аталатын синтаксистік құрылымның академиялық дискурстағы қолданылу жиілігі аталған құрылымның көркем мәтін дискурсындағы жиілігімен салыстырыла анықталды. Бұл салыстырмалы талдау аталған құрылымның академиялық дискурстағы функционалдық қызметі мен ерекшеліктерін тереңірек сипаттауға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының маңызы — деп аталатын синтаксистік құрылымның алғаш рет табиғи тілдің деректеріне сүйене отырып корпусқа негізделген әдіспен зерттелуінде. Сонымен қатар аталған құрылымның академиялық дискурстағы қызметін жүйелі түрде талдау арқылы академиялық қазақ тілінің функционалдық ерекшеліктерін анықтау, оның ғылыми мәтіндердегі орны мен маңызын белгілеу зерттеудің өзектілігін арттыра түседі. Зерттеудің болжамы (гипотезасы). Зерттеу жұмысы барысындадеп аталатын синтаксистік құрылымының академиялық мәтіндерде жоғары жиілікпен қолданылатын, тілдік тұрғыдан функционалдық жүктемесі жоғары құрылымдардың бірі екендігі жөнінде болжам жасалды. Аталған құрылым ғылыми стильге тән дәлдік, анықтама беру, жүйелеу, атау ұсыну, нақтылау, сипаттау сынды қызметтерді атқара отырып, академиялық дискурстың негізгі құрылымдық элементтерінің біріне айналған деп топшылаймыз. Зерттеу нәтижелері деп аталатын синтаксистік құрылымының академиялық дискурста жиі қолданылатын тұрақты құрылым екенін көрсетті. Сонымен қатар бұл құрылым ғылыми мәтінде атау және сипаттау мәнін білдіретін, яғни белгілі бір ұғымға, нысанға немесе құбылысқа атаулық сипат беру арқылы модификаторлық қызмет атқаратын синтаксистік бірлік ретінде танылды. Аталған құрылымның бұл ерекшелігі академиялық тілдегі нақтылау, дәлдік пен жүйелілік талаптарын қамтамасыз етуге ықпал ететінін дәлелдейді.