Аннотация
Аталған мақалада қазіргі қазақ тілінің теориялық негіздемелерін басшылыққа ала отырып, ана тіліміздің аясындағы тілдік құзыреттілікті қалыптастыру процесінде қазақ тілін оқытуда тілдің маңыздылығы жан-жақты талданады. Атап айтқанда, тілдің адамзат қоғамындағы пікір алмасу, талдау жасау және қарым-қатынас құралдары ретіндегі маңыздылығы айқындалып, оның кәсіби салада тиімді коммуникация құралы ретінде орны ерекше екендігі көрсетіледі. Тілдік қарым-қатынастың тек ақпарат алмасу құралы ғана емес, сонымен қатар тұлғалардың кәсіби біліктілігін арттырудағы негізгі фактор ретінде қарастырылуының маңыздылығы айтылады. Заман талабына сай, теориялық тұрғыдан тілдік құзіреттілікті саралап, зерттеушілер дискурсивті оқыту жолдарынның ерекшеліктерін - тілдік құзыреттілікті дамытудағы қазақ тілін бағдарлай оқытудың әдістемелік негізі ретінде қарастырған. Бұл зерттеуде ең алдымен, білім алушылардың жеке қабілеттері арқылы көрініс табатын ерекшеліктерін тануға бағытталған оқыту тәсілдеріне назар аударылады. Дискурс ұғымы кәсіби салада институционалдық дискурс түрлерінің бірі ретінде талданады. Сонымен қатар, кәсіби тілдік құзыреттілікті қалыптастырудың тиімді жолдары мен әдістері жүйелі түрде зерделенеді. Дискурсивті оқытудың негізгі мақсаты ретінде білім алушының базалық құзыреттіліктерін одан әрі қарай жан-жақты дамыту міндеті алға қойылады. Осыған сәйкес, зерттелген теориялық материалдар негізінде дискурстың ақпараттық мазмұнын анықтау, оны терең түсіну және мәтіндік материалдармен жұмыс жасаудың кәсіби тәсілдері мен технологияларын меңгертуге бағытталған міндеттер қарастырылған. Бұл ретте дискурсивті оқытудың ерекшеліктері мен әдістемелік аспектілері -жеке талдау нысаныны ретінде айқындалады.