Аннотация
Мақалада этноархеологиялық эскпедиция барысында анықталған Абай облысының жаңа археологиялық ескерткіштері баяндалады. Алғаш рет Айғыз мұнарасының орны анықталып, ғылыми айналысқа ұсынылып отыр. Айғыз мұнарасы осы уақытқа дейін зерттеу аясынан тыс қалып, ұмытылып кеткен ескерткіш. Айғыз ескерткіші туралы мәлімет бірінші рет XVIII ғ. соңында капитан Андреевтің жазбасында айтылады. Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде Айғыз, Айбас ескерткіштері туралы аздап тоқталып кеткен. Экспедициялық зерттеулер нәтижесінде Айғыз мұнарасының құрылыс ерекшелігі, оның өлкедегі осы сипатттағы басқа да тастан салынған құрылыстардың мерзімделу мәселесі көтеріледі. Бұл тастан тұрғызылған ескерткіштердің кейбірінің атауларының Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырында орын алған кейіпкерлермен тығыз байланысты келетінін назарға ала отырып, орта ғасыр немесе одан да ерте уақыт ескерткіштері болуы мүмкіндігі алға тартылады. Мақалада Қозы Көрпеш–Баян сұлу ескерткішінің сакральды кеңістігі анықталып, онымен байланысты төңірегіндегі жер-су атаулары және Айғыз, Айбас секілді ескерткіштермен кешенді түрде қарастырылады. Сонымен бірге Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткіші архитекурасының аймақтағы қазақ зираттарына тигізген ықпалы және жерлеу құрылыстарының әр өлкедегі өзіндік сәулет ерекшеліктері айтылады.