Аннотация
Әдебиеттанудағы әдеби және рухани сабақтастық өзекті мәселелердің бірі. Ешқандай елдің әдебиеті өзімен-өзі, қоғамнан тыс, одан бөлек тумайтыны, дамымайтыны белгілі. Кез келген елдің әдебиеті оның мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, тарихи кезеңдегі оқиғаларымен байланысып, дамып, үндесіп отырады. Осы ретте қазақ әдебиетінің ежелден көршілес татар әдебиетімен байланысын, үндестігін танытуда ғалым Бүркіт Ысқақұлының ғылыми ойлары өте маңызды. Мақалада әдебиеттанушы ғалым Б.Ысқақовұлының қазақ пен татар әдебиетінің байланысына қатысты құнды ойлары, маңызды еңбегі қарастырылған. Ғалым зерттеулері арқылы біз екі ел арасындағы тарихи, мәдени, әдеби үндестікке бойлап,ұлттар арасындағы рухани байланыс арналарын тереңірек бағамдауға мүмкіндік аламыз. Бүркіт Ысқақұлының ғылыми зерттеу жұмыстарына шолу жасалып, оларды талдау, оны саралау, берілген ойларды жинақтау барысында әдебиеттанудағы құндылығына көз жеткіземіз. Зерттеу жұмысының нәтижесі ретінде қазақ пен татар әдебиеті арасындағы байланыстың нақты мысалдары, ғылыми деректері, дәйектері ұсынылады. Аса күрделі тақырыпты саралаудағы ғылыми қағидаттары, зерттеу әдістері айқындалады. Мақала «Бүркіт Ысқақұлының әдеби және ғылыми мұрасы» атты докторлық диссертация аясында жазылып отыр.