Аннотация
Мақала мектеп оқушыларының психологиялық саулығы мен жалпы психоэмоционалдық жағдайына арналған. Оқушылардың психологиялық саулығы олардың өмірлік қиындықтарға төтеп беру қабілетімен қатар, отбасылық мәселелер, мектептегі стрестік жағдайлар, буллинг, қоғамнан оқшаулану сияқты сыртқы факторлардың әсерімен тығыз байланысты. Ұзақ мерзімді стресс көздері — артық оқу жүктемесі, тұлғааралық қатынастағы қиындықтар және эмоционалдық қолдаудың жеткіліксіздігі — жеткіншектердің психоэмоционалдық жағдайына елеулі теріс әсер етеді. Мақалада Қазақстан мектептеріндегі оқушылардың психологиялық саулығына әсер ететін негізгі факторлар жан-жақты талданған. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларының шамадан тыс жүктемесі, отбасылық және әлеуметтік жағдайлар, сондай-ақ құрдастарымен және ата-аналарымен қарым-қатынаста туындайтын қиындықтар қарастырылды. Жеткіншектердің психоэмоционалдық бұзылыстарының дамуына ықпал ететін мектептегі алаңдаушылық, оқшаулану және конфликтілік жағдайлар сияқты факторларға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар балалар мен жеткіншектердің психологиялық саулығын бағалау және түзетуге бағытталған теориялық үлгілер мен практикалық тәсілдер ұсынылған. Мектеп психологтарының жұмысы, психологиялық қолдау бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру тәжірибесі қарастырылған. Зерттеудің тәжірибелік бөлігі Семей қаласындағы № 44 мектеп оқушыларының қатысуымен жүргізілген. Зерттеу нәтижелері оқушылардың психоэмоционалдық әлауқатын қамтамасыз ету — олардың білім сапасы мен әлеуметтік бейімделу деңгейін арттырудың маңызды алғышарты екенін көрсетеді. Авторлар мақалада мектеп оқушыларының психологиялық саулығын сақтау мен қолдаудың заманауи тәсілдерін зерделеп, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз етудегі кешенді көзқарастың қажеттілігін ерекше атап өтеді.