Аннотация
Мақалада Солтүстік Қазақстанның климаттық жағдайында майлы арыш танаптарында кездескен зиянкестерді бақылау, зияндылық шегін анықтау және оларды жою жұмыстарының нәтижелері көрсетілген. Далалық тәжірибелер 2017-2020 жылдары Ақмола облысы, Сандықтау ауданының «Каменка и Д» ЖШС-де жүргізілді. Зерттеудің негізгі нысаны ретінде Қазақстанда аудандастырылған майлы арыштың Исилькулец сорты алынды. Арыш танаптарында ең көп кездескен зиянкестерді есепке алу барысында айқышгүлділер бүргелері (Phyllotreta sp) мен Қырыққабаттың күйе көбелегін (Plutella xylostella) анықтадық. Айқышгүлділер бүргесінің саны –арыштың егін көгі және жапырақтану кезеңінде артты. Бұл кезеңдерде айқышгүлділер бүргесі мен қырыққабат күйе көбелегінің жұлдызқұрттарының саны ЭЗШ-нен (зиянкестің экономикалық зияндылық шегі) екі есе артық болды. Зиянды ағзалармен күресу шаралары негізінде химиялық препарат. Біз зерттеу тәжірибемізде Протеус м.д. 0,5-0,7 кг/га (тиаклоприд, 100 г/л+дельтаметрин,10 г/л) инсектициді қолдандық. Осы сыналған препарат жоғары биологиялық тиімділігін көрсетті, яғни 95,5% болды. Зиянкестердің (айқышгүлділер бүргесі мен қырыққабаттың күйе көбелегі жұлдызқұрттарының) саны күрт төмендеді. Майлы арыштың жапырақтарына зиян келтіретін зиянкестердің зияндылығын төмендетуге жоғарыда аталған Протеус м.д. 0,5-0,7 кг/га препараты көмектеседі деген тұжырымға келдік.