Аннотация
Тарихи шығармалардың, жыр-дастандардың лексикалық қабатын лингвистикалық аспектіде зерделеу тілдің қалыптасу тарихын, дамуын айқындауда маңызды рөл атқарады. Мақалада «Шежіре-и теракиме» тарихи шығармасында кездесетін төре, жақ/жай/йай, байтақ сөздерінің қолданылу сипаты, семантикалық ерекшеліктері қарастырылады. Аталған сөздердің шығу тегіне, қолданылу аясына, қазақ тілінен өзге түркі тілдеріндегі лексика-семантикалық ерекшеліктеріне, фонетикалық, морфологиялық тұлғаларына қатысты тілдік материалдар беріледі. Әбілғазы Баһадүрдің ханның «Шежіре-и теракиме» еңбегі – түркі халықтарының тарихына, мәдениетіне, этнографиясына, жер-су атауларына қатысты мол деректерді қамтитын орта ғасырлық еңбек. XVII ғасырда шағатай жазба тілінде жазылған бұл еңбек – Оғызнама дастанының араб әліпбиімен жазылған нұсқасы. Аталмыш шежіре түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті үшін мәні мен мазмұны жоғары құнды дерек болып саналады. Қолжазба еңбектің лексикалық қабатынан қазіргі қазақ тілінде қолданылатын тіл бірліктерін жиі кездесетіруімізге болады. Сондықтан да «Шежіре-и теракиме» еңбегін лингвистикалық аспектіде зерттеу мақаламыздың маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу мақаланың негізгі мақсаты – «Шежіре-и теракиме» мәтінінде кездесетін төре, жақ/жай/йай, байтақ сөздерін лексика-семантикалық тұрғыдан саралап, этимологиясын айқындау. Зерттеу барысында семантикалық талдау әдісі, сипаттамалы әдіс, тарихи-салыстырмалы әдіс-тәсілдер қолданылды.