Аннотация
Мақалада Хорезм археологиялық экспедициясы (1960–1965 жж.) зерттеген Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдары мен Шірікрабат археологиялық экспедициясы (2015–2017 жж.) жүргізген Сеңгір там-2 қорымынан табылған керамикалық материалдарға морфологиялық, техника-технологиялық және қыш ыдыстардың бетінде сақталған дәнді дақылдардың іздерін анықтау бағытында жүргізілген кешенді талдамалық жұмыс нәтижесі ұсынылды. Сонымен қатар Blender бағдарламасының көмегімен ыдыстардың сыйымдылығы мен көлемдік параметрлері анықталды. Қазіргі таңда Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдарынан табылған керамикалық материалдар Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік тарихи музей қорында, ал Сеңгір там-2 ескерткішінің материалдары Қазақстан Республикасы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қорында сақтаулы. Аталған қорымдардан табылған керамикалық кешендерге бұған дейін зерттеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен осы мақалада ұсынылған қосымша морфологиялық және технологиялық талдау нәтижелері бұл материалдарға жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Жүргізілген зерттеулер керамикалық ыдыстардың шарықта және жапсыру әдісі арқылы жасалғанын көрсетті, олардың басым бөлігін жапсыру әдісімен дайындалған ыдыстар құрайды. Қыш ыдыстардың типологиясы мен қолдану мақсатына сәйкес олар асханалық топқа жатқызылып, құмыра, көзе, шүмекті көзе, банка, кесе, саптыаяқ және тостаған түрінде кездесетіні анықталды. Жерлеу орындарында табылған қыш ыдыстар ішінде құмыралар жиі кездескенін ерекше атап өту керек. Сондай-ақ Ұйғарақ қорымындағы керамикалық материалдардың қалыптау массасының құрамы, дайындалу тәсілі, пішіні мен типологиялық сипаттамалары Оңтүстік Түгіскен және Сеңгір там-2 қорымдарындағы қыш ыдыстармен жан-жақты салыстырылып, ұқсастықтар мен ерекшеліктері анықталды.