Аннотация
Бұл зерттеу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында еңбек шартын бұзу мен тәртіптік жауапкершілікке қатысты нормалардың мазмұнымен құқықтық табиғатын ашуға, оларды теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты талдауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты – еңбек шартын бұзу және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін теориялық және практикалық тұрғыдан талдау арқылы қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарды, формализмді және жүйесіздікті анықтау. Зерттеу барысында еңбек қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қорғау, еңбек дауларын тиімді реттеу тетіктері және тәртіптік жаза қолдану рәсімдеріндегі процессуалдық кепілдіктердің сақталу деңгейі сарапталады. Еңбек шартын бұзу негіздері мен тәртібі, тәртіптік жауапкершілікке тартудың құқықтық тетіктері, олардың жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтық жағдайына әсері ғылыми талдауға түседі. Сонымен қатар, Еңбек кодексінің тиісті нормаларына жүргізілген терең құқықтық сараптама еңбек қатынастарын құқықтық реттеу саласында әлі де жетілдіруді қажет ететін бірқатар аспектілер бар екенін көрсетеді. Атап айтқанда, заңнамадағы нақты құқықтық олқылықтар мен екіұшты тұжырымдар, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіндегі бірізділіктің болмауы еңбек дауларының әділ әрі тиімді шешілуіне кедергі келтіретіні анықталады. Зерттеу нәтижелері қазіргі кезеңде еңбек құқықтары мен еңбек қатынастарын реттеудің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.