Аннотация
Экологиялық проблемалардың шиеленісуі табиғатты пайдаланудың жаңа бағытын жүзеге асыруға, органикалық ауыл шаруашылығын қалыптастыруға және дамытуға алып келді. Ол антропоцентристік концепциядан бас тартуға және табиғат құндылығын мойындауға негізделуі тиіс.Мақалада Қазақстанның оңтүстік-шығысында жүгері мен майбұршақ дақылдарын биологияландару әдістерін пайдаланып өсіру мәселелері қарастырылған. Биологияландыру әдістері ретінде биогумус,көң, HansePlant, БиоЭкоГум, Тумат, Агрофлорин сияқты органикалық және биологиялық тыңайтқыштар мен биологиялық биопрепараттар пайдаланылды. Далалық тәжерибелік зерттеулер 2021-2024 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында орналасқан, «Балтабай 2030» ЖШС егіс алқабында жүргізілді. Биологияландыру әдістерін қолдану, жүгері мен майбұршақ дақылдарының өсуіне, дамуына, өнімділігіне және сапалық көрсеткіштеріне оң әсер етті. Жүгері өнімділігінің деңгейі биологияландыру әдістерін қолдануға байланысты 124,3-155,0 ц/га құрады, бұл көрсеткіштің мәні бақылау нұсқасында 94,1 ц/га болды. Майбұршақ өнімділігінің ең жоғары көрсеткіші HansePlant кешені (40,6 ц/га)мен БиоЭкоГум (38,7 ц/га) препараттарын қолданған нұсқаларында алынды. Бақылау нұсқасының өнімділігі 26,0 ц/га шамасында. Биологияландыру әдістерін пайдалану жүгері дәні құрамындағы ақуыз мөлшерінің 0,13-0,50 %-ға артуын, майбұршақ дәні құрамындағы май мөлшерінің 0,24-0,85%-ға артуын қамтамасыз етті.