Аннотация
Мақала жоғары сыныпқа арналған мектеп оқулықтарындағы, терминологиялық түсіндірме және салалық сөздіктердегі кейбір терминдерді Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Терминком) бекіткен нұсқаларымен және заңнамадағы қолданысымен салыстыра отырып, Терминком бекіткен кейбір терминдердің қолданылу мәселелеріне арналады. Зерттеу нәтижесінде мектеп оқулықтарында кейбір терминдердің қолданылуына қатысты мынадай жайттар анықталды: терминдердің Терминком бекіткен нұсқалары қолданылмаған; Терминком бекітпеген терминдер қолданылған; әр сыныптағы бірдей терминге әртүрлі дефиниция (анықтама) берілген; оқушы қабылдауға қиын, стилі дұрыс құрылмаған дефинициялар да кездеседі; бір терминге әртүрлі дефиниция берілген. Терминологиялық түсіндірме және салалық сөздіктерде кейбір терминдердің қолданылуына қатысты мынадай жайттар анықталды: Терминкомда бір термин әр жылдары әртүрлі нұсқада бекітілген; терминдер бірнеше салалық сөздікте әртүрлі нұсқада аударылған; заңнама мен Терминкомда бірізді қолданылған терминдер де кездеседі; сөздіктерде бір терминнің бірнеше жарыспалы нұсқасы берілген; барлық қолданыста бірізді берілген терминдер де бар; кейбір терминдер заңнамада қолданылмайды; кейбір терминдер Терминкомда бекітілмеген. Зерттеудің теориялық маңыздылығы: терминологияны реттеу, жүйелеу, біріздендіру мәселелерін шешуге, терминография, қолданбалы терминология салаларының ғылыми негіздерін дамытуға үлес қосады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: терминологиялық сөздіктердің мазмұны мен құрылымын жетілдіру мақсатында лексикографиялық практикада қолдануға болады. Зерттеу барысында жинақтау, сұрыптау, сипаттау, жүйелеу, морфологиялық, синтаксистік талдау, фактологиялық, лексикографиялық, пәнішілік және пәнаралық салыстыру әдістері пайдаланылды.