Аннотация
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында ең маңызды проблемалардың бірі мал арасында паразиттік аурулардың көп болуы, атап айтқанда мониезиоздың таралуы болып табылады. Мақалада Алматы облысы аймағында қой мониезиозын зерттеу және қой шаруашылығында кездесетін гельминттердің түрлерін анықтау нәтижелері берілген. Зерттеу жұмыстары күзгі кезеңде жүргізілді және «Нұрай» жеке шаруашылығында 40 бас малдың нәжіс сынамалары зерттелінді. Сынамаларды Дарлинг, Фюллебон және Г.А. Котельников және В.М. Хренов әдістерімен Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің биологиялық қауіпсіздік кафедрасына қарасты зертханада балау әдістері қойылып, паразиттердің түрлік құрамы, инвазияның қарқындылығы (ИИ) және инвазияның экстенсивтілігі (ИЭ) және паразитоценоз түрлерінің құрамдас бөліктерін зерттедік. Қойларда кездесетін паразитоздарды копрологиялық әдістермен зерттегенде, аноплоцефалаттар инвазиясы моноинвазиялар және аралас инвазиялар түрінде анықталған. Қойдың ішек-қарын жолында кездесетін паразитоздарды копрологиялық әдістермен зерттеген уақытта 4 гельминт кездесті: Dictyocaulus filarial, Moniezia expansa, Thysaniezia giardi және Avitellina centripunctata. Айта кету керек, ауруға шалдыққан қойлардың диктиокаулезбен (Dictyocaulus filarial) жалпы залалдануы 12,5% (5 бас) құрады, бір көру аймағында инвазия қарқындылығы 1-ден 14 жұмыртқаға дейін залалданған, ал Moniezia expansa 40 қойдың 12 бас 30 % залалданған. Сондай-ақ Thysaniezia giardi 8 қой жұқтырды (ИЭ 20,0%, ИИ 1-2 жұмыртқа) және Avitellina centripunctata 2 қой (ИЭ 5,0%, ИИ 1). Осылайша, Moniezia expansa инвазиясының жоғары қарқындылығы байқалды. Инвазия интенсивтілігі жоғары, микроскоптың 1 көру алаңында 1-14 жұмыртқа. Инвазия интенсивтілігі төмен, микроскоптың 1 көру алаңында 1-6 жұмыртқа анықталды.