Аннотация
Тарихи-фольклорлық үлгілерде XIX ғасырдың орта шенінде орын алған Жасауыл қырғыны оқиғасының әртүрлі нұсқалары сақталған. Мақалада ел ішіне кең тараған сондай жыр-әңгімелер негізінде жазылған Нұрхан Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны» дастанының нұсқаларына тән ерекшеліктер жайы сөз болады. Нақтылай түссек, бір автордың қаламынан туғанымен, екі бөлек уақытта жазылған қос нұсқаның сюжеттік желісінде, кейіпкерлер әлемінде, тартыс сипатында, көркемдік кестесінде, тарихи шындыққа қатысы мен идеялық мазмұнында кездесетін айырмашылықтардың түпкі себебі ашылады. Шағын зерттеуде баспа бетін көрмеген сирек қолжазбалар мен әлі ғылыми айналымға түсе қоймаған тың деректер мол кездеседі. Мәселен, «Байтабын қызының жоқтауы», Қ.Қараевтың «Топжарған», О.Шипиннің «Жеті батырдың тарихы» сияқты мұрағаттарда сақталған мұралар – оқырман қауымға беймәлім дүниелер. Сонымен бірге өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері қарай Кенесары-Наурызбай туралы тарихи-фольклорлық үлгілерді жинап, зерттеуге тыйым салынған кезде «Жасауыл қырғыны» дастанының хан Кененің «қылмысын» әшкерелейтін шығарма ретінде кеңестік идеология құралына айналғаны да авторлар назарынан тыс қалмайды. Мақалада ел басынан өткен күрделі кезеңнің сипаты мен саяси қақтығыстар сыры да айқындалады.