Аннотация
Мақалада әлі толық зерттеле қоймаған, жойылып бара жатқан тілдер қатарына жататын хотон тілі қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде хотон тіліндегі дауыссыз дыбыстар алынды. Жұмыстың негізгі мақсаты – түркі тілдер тобына жататын хотон тіліндегі дауыссыз дыбыстардың құрамын талдау. Мақалада хотон тіліндегі дауыссыз дыбыстардың саны, олардың жасалу ерекшеліктері нақты тілдік деректер негізінде талданады. Жұмыста хотон тілінің дыбыстық жүйесіне тән ерекшеліктер сараланып, түркі тілдеріне тән ортақ заңдылықтар айқындалды. Жалпы кез келген тілдің дыбыстық құрамын, ерекшелігін, заңдылықтарын айқындауда туыстас тілдермен салыстыра зерттеу маңызды болып табылады. Хотон тілінің дыбыстық жүйесіне тән ерекшеліктерді айқындауда қазақ, қырғыз тілдерімен салыстыра қарастыру дауыссыз фонеманың даму жолдарын, фонологиялық жүйедегі өзгерістерін анықтауға септігін тигізеді. Сондықтан жұмыста хотон тіліндегі дауыссыз дыбыстар құрамы түркі тілдерімен, оның ішінде қазақ және қырғыз тілдерімен салыстырыла беріледі. Тілдік деректер негізінде хотон тіліндегі дауыссыздардың акустика-артикуляциялық ерекшеліктері сараланды. Дауыссыз дыбыстардың сөздің бірінші буынында, сөз ортасында, сөз соңында қолданылу позициялары, кейбір дауыссыздардың сөз басында қабаттаса қолданылу сипаты да талданды. Хотон тіліндегі дыбыстық өзгерістерді саралай отырып, оның ішкі заңдылықтарын басқа түркі тілдерімен салыстыру барысында туыстық байланыстары анықталды. Сонымен қатар кейбір дыбыстардың жасалу жолдарына сипаттама беріліп, қазіргі қазақ әдеби тілімен сәйкес келетін жайттар талданды. Хотон тіліндегі кейбір дыбыстардың пайда болуына сыртқы факторлардың әсері, оның белгілі бір дәрежеде тілге ықпалы байқалады. Хотон тіліндегі дауыссыз дыбыстардың түркі тілдеріне ыңғайлас келуі, дауыс қатысына қарай топтаудағы ұқсастықтар, көптеген дауыссыз дыбыстардың ортақтығы нақты тілдік деректер негізінде көрініс тапты.