Аңдатпа
ХІХ ғасырдың 70-жылдары халықаралық қатынастарда Балқан мәселелері бойынша тартыс күшейді Бұл кезде әлемдік империялар арасында Балқандағы Осман империясына қарасты болған Болгария, Сербия, Босния және Герцеговина, Румыния сынды провинциялар үшін дипломатиялық тартыс жүрді. Бұл мәселелер Англия, Ресей, Австро-Венгрия және Осман империясы арасында «Шығыс мәселесінің» аясында орын алды. Балқан мәселелері бойынша бірнеше халықаралық жиындар ұйымдастырылып, соның ең негізгісі 1878 жылы болған Берлин конгресі болды. Берлин конгресі Кайзерлік Германияның канцлері Отто фон Бисмарк тарапынан ұйымдастырылды. Германияның Балқан мәселесіне қатысты өзіндік саясаты болды. Сол сияқты Бисмарктің Осман империясына қатысты өзіндік саяси ұстанымдары қалыптасты. Ғылыми мақалада, 1878 жылы болған Берлин конгресінде герман канцлері Отто фон Бисмарктің Осман империясына қатысты саяси ұстанымдары зерттеледі. «Темір канцлердің» Осман империясына және еуропалық империяларға деген саясаты ғылыми талдауға түседі. Конгрестің барысы мен нәтижелеріне және Бисмарктің қызметіне баға беріледі. Берлин конгресінде болған халықаралық мәселелер мен конгрестің герман-түрік байланыстарына ықпалы айқындалады.