Аңдатпа
Зерттеудің басты мақсаты алтынордалық Сарайшықтың бай тарихи-мәдени мұрасын және кейін жылдардағы археологиялық қазба материалдарын саралау. Мақалада ортағасырлық Сарайшықтағы археологиялық қазба барысында табылған қыш шарлар туралы зерделенеді, өзге алтынордалық ескерткіштерден табылған шарлармен салыстырылады. Жошы Ұлысы қалалары орнынан табылған шарлардың қандай мақсатта пайдаланғаны туралы ғылымдағы бірнеше тұжырымдар талқыланады. Осындай археологиялық олжалар тарихымызды зерттеудегі маңызды дереккөздердің бірі. Олар арқылы еліміздің ортағасырлық тарихының мәдени, рухани, саяси-экономикалық даму деңгейін, әлемдік өркениет орталықтармен байланыстарын зерделеуге болады. Ортағасырлық Сарайшық Жошы Ұлысы, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тарихының маңызды даму кезеңдерін сақтайды. Қазба барысында кездескен шарлар бір жағынан Сарайшық қаласының Жайық жағалауында орналасып экономикалық байланыс торабы, екінші жағынан қала қолөнершілерінің үнемі даму үстінде болғанын дәлелдейді. Бұл бағытта шарлар тұрмыстық бұйымдар, соның ішінде алыс-жақыннан түрлі сұйықтық заттарды тасымалдаушы ретінде пайдаланылған. Ортағасыр тарихын зерттеушілер шарларды соғыс барысында жарылғыш бомба орнына қолданғанын да жазады. ХІV ғасырдың екінші жартысында теңіз пираттары Сарайшыққа шабуыл жасағаны туралы болжам бар. Олай болса, қыш шарлар тарихы зерттеу әлі толықтырыла түсуі тиіс.