Аңдатпа
Экономикада банк жүйесінің тұрақты дамуы бойынша мәселе өткен ғасырлардан бері өзекті болып келеді. Қазіргі таңда қаржы-экономикалық қатынастардың дамуы банк жүйесінде инновациялық технологиялардың қолданылуы, клиенттерге қызмет көрсету формаларының, әдістерінің, банкті басқарудың тәсілдері мен терең трансформациялық үрдістермен қатар жүргізілуде. Коммерциялық банктердің, несие ұйымдарының тұрақты дамуындағы теориялық және әдістемелік сұрақтар, банк менеджментінің ішкі құрылымдық байланысын ұйымдастыру, банктердің қызмет етуінің стратегиялық басымдықтарын айқындау заманауи экономикалық ғылымның өзекті және жетекші тақырыптарының бірі болып табылады. Шетелдік және отандық зерттеушілер банктердің тұрақты дамуы бойынша түрлі түсініктерді анықтап, олардың мәнін ашып көрсеткен. Соған сәйкес тұрақты банкинг ұғымы бойынша түрлі дереккөздердегі әдебиеттер ағынын түсіну және оларды жіктеу қажеттілігін туындатады. Мақалада жинақталған әдебиеттерді библиографиялық әдіс (R-package Bibliometrix) арқылы Scopus деректер базасындағы 2018-2023 жылдар аралығындағы 577 мақала іріктеліп алынды. Алынған нәтижелер банк жүйесінің тұрақты дамуындағы әдебиеттердің уақыт ағынымен даму эволюциясын және түрлі категориялар бойынша жіктелімін көрсетуге мүмкіндік береді. Әдебиеттік шолу нәтижесі тұрақты банкинг бойынша зерттеу бағыты мен деңгейін, қарастырылым бойынша интегративті құрылымды қалыптастырады. Соның негізінде банк жүйесінің тұрақты дамуындағы әдебиеттердің зерттеу аясын анықтай отырып, зерттеулердегі кемшіл тұстарды да айқындайды.