Аңдатпа
Жаһандану дәуірінде таланттарға деген сұраныс жылдан жылға артуда. Таланттарға қажетті жағдай жасай алу мүмкіндігі де елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Авторлар Қазақстан Республикасының еңбек нарығы сырттан адами капиталды тарта алу деңгейін, яғни олардың елімізге деген қызығушылықтарын саралау қажеттілігіне сәйкес мақсат қойды. Сол себепті әлемге танымал INSEAD зерттеу ұйымы ұсынған жылдық есепті пайдаланып, 134 елдің арасында Қазақстанның таланттар үшін тартымдылық деңгейін анықтау көзделді. Талдау барысында таланттарды тарту мен таланттарға деген бәсекелестік арасындағы корреляциялық байланыс пен таланттарды тартудың бәсекелестікке маңызды ықпалы анықталды. Нәтижелер болашақ зерттеулер мен жасалуы қажет әрекеттерді анықтауға негіз бола алады. Сонымен қатар Antal Kazakhstan компаниясының ұсынған, яғни релоканттар арасында өткізілген сауалнама деректері қарастырылды. Байқағанымыздай, келгендердің көп бөлігіне, бұрын өздері қызмет етіп жүрген шетелдік компанияның Қазақстанға көшіп келуі себеп болған. Зерттеу қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасының көрсеткіштері орташа деңгейде. Демек еліміз өзінің талантын қайтару және шетелдік таланттарды тарту мақсатында қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асыру керектігі дәлелдене түсті. Сондықтан көші-қон саясаты мен бағдарламаларында озық тәжірибесі бар елдер мысал ретінде келтірілді.