Аңдатпа
Мақалада сән дискурсындағы түс психологиясы, оның арнайы киімдерде қолданылу ерекшеліктері когнитивтік-дискурстық тұрғыдан қарастырылады. Адамды күнделікті ресми, бейресми қарым-қатынасында қоршаған ортаға танытатын фактордың бірі – киім болғандықтан, кез келген киімнің түр-түсі маңызды қызмет атқарады. Киімнің түсі адамның көңіл күйі, әлеуметтік мәртебесі, материалдық жағдайы туралы ақпарат бере алады. Мақала түс психологиясы және қолданылу аясы негізінде заманауи сән дискурсында пайда болған барбикор және офискор стильдерінің ерекшеліктерін ашуға арналған. Негізгі мақсат – әр халықтың белгілі бір түсті қабылдауында ортақ тұстар мен ерекшеліктер болатынын, офискор стиліндегі киімнің бірі – форма екенін және оның түс психологиясына сәйкес әзірленетінін ағылшын және қазақ әскери киімінің эволюциясы арқылы көрсету. Заманауи ғылымдар парадигмасындағы антропоөзектік лингвистиканың қағидаттарына сай адамның түсінуі, қабылдауы, интерпретациялауы арқылы әр саладағы іс-әрекетін, танымын, атап айтқанда, сән саласындағы түр-түстің қолданылуын когнитивтік-дискурстық тұрғыда талдау жұмыстың өзектілігін көрсетеді. Зерттеуде когнитивтік-дискурстық талдау және сипаттау, салыстыру әдістері қолданылды. Түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты униформаның фасоны, түсі өзгеріп отырады. Ағылшын және қазақ мәдениетіндегі әскери киімнің түсін салыстыра сипаттау арқылы оларда қолданылған ортақ түстер мен ерекшеліктер көрсетілді. Зерттеу нәтижесінде барбикор стилі, британдық және қазақстандық әскери форманың тарихи дамуын көрсету арқылы түс психологиясы тек униформа үшін ғана емес, жалпы сән саласы үшін маңызды фактор екені нақтыланды.