Аңдатпа
Шетел әдебиеттануында ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап көркем шығармашылықтағы архетип мәселесі, автор мен қиял, архетип әдеби сыны өзекті тақырыптардың біріне айналды. Архетип мәселесін алғашқыда К.Г. Юнг психоаналитика ғылымы негізінде қарастырса, кейіннен әдебиеттану саласында көркем шығармашылық пен қиял мәселесінде Э. Нойманн, Н. Фрай, М. Бодкин, Е. Мелетинский сияқты ғалымдар көлемді еңбектер жазып, тың тұжырымдар жасады. Алайда отандық әдебиеттануда этномәдени архетип мәселесі жекелеген мақалалар мен мифопоэтикалық зерттеулерде кездескенімен, нақты көркем шығармадағы этномәдени архетип образдар мен сюжеттер, архетип мотив пен идея мәселесі жайында көлемді ғылыми еңбектердің аздығы жұмыстың өзектілігін айқындайды. Сонымен қатар, этномәдени архетиптердің қалыптасуына әсер етуші әртүрлі тарихи факторлар, климаттық жағдайлардың ұлт санасына әсерін нақтылауда басқа да ғылым салаларымен интеграцияда қарастыру зерттеу жұмысының маңыздылығын арттырып отыр.