Аңдатпа
Құрамында күкірт бар көмірсутек шикізатын (мұнай-газ) өңдеу салаларының артуына байланысты күкірт- ірі тоннажды қалдықтардың бірі ретінде шығып жатыр. Үлкен көлемді күкірт қорын ұзақ уақыт сақтау қоршаған ортаға жағымсыз әсер береді. Күкірт модификациясынан шыққан композиттік материал-қоршаған ортаға экологиялық, құрылыста экономикалық тиімділігімен сипатталады. Бұл шолуда күкірттің шығу көздері, қасиеттері, одан күкіртбетон жасау технологиясы және күкірт негізіндегі бетонның бүгінгі күнгі құрылыс индустриясында қолданылуы зерттеледі. Модификацияланған күкіртті бетонды эксперименттік бағалап, қоспаларды дайындаудың өзге әдістері анықталды, күкіртті бетон өндірісін дамытуда шетелдік тәжірибелерге бейімделудің маңыздылығы көрсетілді. Қоршаған ортаға жүктемені азайту мақсатында күкіртті байланыстырғыштан тұратын бетон шығару- келешегі бар жобалардың бірі болып саналады. Өйткені, күкіртбетонның қышқыл мен радиацияға, аязға төзімділігі және қайта өңдеу мүмкіндігі сияқты артықшылықтары бар. Жұмыстың мақсаты битум құрамдас негізіндегі күкіртті бетонның жаңа құрамын зерттеу болды. Зерттеуді жүргізу үшін құрамдас бөліктердің әр түрлі пайыздық құрамы бар күкіртті бетон үлгілері дайындалды.