Аңдатпа
Қазіргі таңда тұрақты туризмді қалыптастыру мен дамытуда мәдени мұраның, оның ішінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген аса маңызды материалдық емес мәдени мұраның рөлі орасан зор. Аталмыш мақалада Қазақстан туризмінің тұрақты дамуына материалдық емес мұра элементтерінің әсері талданады. Сондай-ақ, ел туризмін тұрақты дамыту контекстіндегі материалдық емес мәдени мұраның әртүрлі аспектілері, соның ішінде салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды, қолөнерді, тілді, ән және би өнерін, ұлттық тағам дәстүрін қорғау және сақтау, сондай-ақ олардың туристерді тартудағы рөлі қарастырылады. Туристік әлеуетті ілгерілету және туризмнің заманауи түрлерін дамыту үшін материалдық емес мәдени мұраны сақтап, тиімді қолдану идеялары басқа елдердің тәжірибесін талдай отырып қарастырылады. Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміне енгізілген материалдық емес мәдени мұра әлеуеті мен туристік индустрияны ілгерілету бағдарламаларын біріктіру арқылы туризмді дамыту жолдарына және кейбір материалдық емес мәдени мұра объектілерінің аталмыш тізімге енгізілмеу себептеріне талдау жасалады. Осы мақсатта сарапшыдан алынған арнайы сауалнаманың нәтижесінде, мәдени мұра объектілерінің ЮНЕСКО тізіміне ену процесінің сипаттамалары мен қиындықтарына шолу жасалады. Сонымен қатар, Қазақстан туризмінің тұрақты дамуы үшін материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығы туралы қорытынды жасалып, ұсыныстар тұжырымдалады.