Аңдатпа
Қазақстан өз дамуы кезеңінде жаңа қадамды бастап отыр. Қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жүргізілді. Қазақстан Республикасы өзін Ата Заңда құқықтық мемлекет деп жариялағаны баршаға мәлім. Құқықтық мемлекеттегі әрбір азамат құқықтық мәдениетті болуы керек. Ұсынылып отырған мақалада қоғамның құқықтық санасын арттырудағы құқықтық білім берудің маңыздылығы баяндалады. Құқықтық білім берудің негізгі мақсаты заңды құрметтеуді қалыптастыру және оны өмірлік практикада белсенді пайдалана білу. Құқықтық білім құқықтық тәрбиемен тығыз байланысты. Құқықтық білім беру алдымен жалпы білім беретін орта мектептерде басталса, ары қарай арнайы орта және жоғары оқу орындарында жалғасын табады. Құқықтық сауаттылық деңгейдің төмендігі мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді және қоғамда құқық бұзушылықтың артуына әсерін тигізеді. Мақалада қазіргі кезеңдегі құқықтық білім беруде кездесетін мәселелер көтеріледі. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде бұқаралық сананың, соның ішінде құқықтық сананың жаңа жағдайға қалыптасып, дамуы еліміздегі басты құндылықтардың біріне айналуы керек деген тұжырым беріледі.